Accessibility links

Путин ақталуға, Си ықпалын арттыруға тырысқан ШЫҰ саммиті


Chinese leader Xi Jinping welcomes Russian President Vladimir Putin after the photo session of the Shanghai Cooperation Organization on September 1.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путина. ШЫҰ саммиті, Тяньцзин, Қытай, 1 қыркүйек, 2025 жыл.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіруін ақтап алуға, Қытай төрағасы Си Цзиньпин дипломатияда өз ықпалының арта түскенін байқатуға тырысып, ШЫҰ даму банкін құруға шақырды. Саммитте Пекин мен Мәскеу өзара жақындаса түскенін көрсетті және Си мен Путин Батыстың жаһандық институттарына бірігіп қарсы тұруға үндеді.

Қытайда өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) саммитінде Мәскеу мен Пекиннің өзара тығыз қарым-қатынаста екенін аңғартып, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен иық теңестіре тұрып сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кірген соғысын ақтауға тырысып, Батысты айыптады.

1 қыркүйекте Тяньцзинде басталған екі күндік саммитте сөйлеген сөзінде Путин соғыстың "Ресей шабуылынан емес", Батыс қолдаған Киевтегі төңкеріс салдарынан басталғанын айтты. 2014 жылғы жаппай наразылық кезінде "Мәскеудің досы" саналатын президент Виктор Янукович биліктен тайдырылған.

Сондай-ақ Путин Батыстың Украинаны НАТО-ға тарту әрекеті "Ресейдің қауіпсіздігіне тікелей қатер" төндіргенін қайталады. Бірақ әскери альянс мұндай мәлімдемелерді бұған дейін бірнеше рет жоққа шығарған.

Путин құрамына Ресей, Беларусь, Қытай, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан мен Тәжікстан кіретін ШЫҰ-ны "шын мәніндегі көпжақты ынтымақтастықтың үлгісі" деп мақтап, ұйымды "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс қолдаған әрі қазір әбден тозығы жеткен еуропацентристік және еуроатлантикалық үлгілердің орнын басатын жүйе" деп атады.

Бұл пікірлер саммиттің Қытайдың артып келе жатқан дипломатиялық ықпалын көрсетуге бағытталғанын айқындай түсті. Саммит барысында Пекин мен Мәскеудің жақындаса түскен қарым-қатынасын көрсету үшін арнайы ұйымдастырылған сәттер көп болды.

31 тамыз күні салтанатты банкет кезінде түсірілген кадрларда Си мен Путин басқа көшбасшылармен бірге суретке түскен соң қатар жүрді. Жарияланған бейнематериалда Си Путинді өзімен бірге, қатар жүруге шақырғаны байқалды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қазір 10 ел тұрақты мүше. Тағы 14 мемлекет диалог серіктес мәртебесіне ие болса, Моңғолия мен Ауғанстан бақылаушы ел статусында қатысып отыр.

Жер шарын бейнелейтін суретте ШЫҰ-ға мүше елдер қызғылт-сары түспен, диалог серіктес елдер алқызыл түспен, бақылаушы елдер жасыл түспен көрсетілген

Қытайдағы саммит Си Цзиньпинге өзін "Жаһандық Оңтүстіктің" көшбасшысы ретінде танытуға және АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген кеден тарифтері мен АҚШ-тың шетелдерге арналған көмегін қысқартудан туған экономикалық тұрақсыздық пен елдердің әрі-сәрі күйін өз бақылауына алуға қабілетті екенін көрсетуге мүмкіндік берді.

14 минутқа созылған сөзінде Си: "Біз алып нарықтарымыздың әлеуетін пайдаланып, мүше мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруымыз және өзара сауда мен инвестицияны жеңілдетуіміз керек", – деді.

Қытай көшбасшысы биыл ШЫҰ елдеріне 2 миллиард юань (280 миллион доллар) көлемінде грант бөлуді және ШЫҰ банк консорциумына қосымша 10 миллиард юань (1,4 миллиард доллар) көлемінде қарыз беруге уәде етті. Сондай-ақ, Си жедел түрде ШЫҰ Даму банкін құруға шақырды.

Си, Путин және ШЫҰ алға қадам басты ма?

2001 жылы құрылғаннан бері ШЫҰ жаһандық саясатта айтарлықтай жетістікке жете қойған жоқ және көбіне"Батысқа қарсы автократ көшбасшылардың басқосуы" ретінде сынға қалып келген.

Алайда Тяньцзиндегі саммитте Пекин мұндай жағымсыз атақтан арылуға тырысып отыр. Сидің инвестиция туралы уәделерінен бөлек, Қытай сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бин саммитте ұйымның 10 жылдық даму жоспары қабылданып, жаңа экономикалық және қауіпсіздік бастамалары жариялануы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сонымен бірге, символды түрде болса да Қытай "жаһандық балама тәртіптің негізін қалаушы" ретінде көріну мақсатын көздеп отыр.

Саммитте Си "гегемонияға", "қырғи-қабақ соғыс түсінігіне" және "қорқыту-үркіту тәжірибесіне" қарсы шығатынын айтты. Бұл – Қытай коммунистік партиясының АҚШ-ты атамай сынаған кезде үнемі қолданатын стандартты сөзі.

Саммитке Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің қатысуы оның дипломатиялық маңызын арттырды.

Бұл – Модидің Қытайға кейінгі жеті жылдағы алғашқы сапары. АҚШ тарифтерінің қысымы және Ресеймен алыс-берістеріне Батыстың қатаң сыны жағдайында Пекин мен Нью-Дели алдымен өзара қарым-қатынастарын қалыпқа түсіріп алғысы келеді.

31 тамызда Моди мен Си кездесіп, өзара қарым-қатынасты жақсартуға ниеттес екендерін білдірді. Бірақ сарапшылар екі елдің ортасында шешімін таппаған, талқыланбай жабық қалған әлі көп мәселе барын айтып жүр.

Дегенмен, Моди саммттің "сценарийіне" бейімделгендей көрінді. Ол 1 қыркүйектегі сөзінде Сиді мақтап, Путинге жылы шырай танытты. Бір сәт Путин мен Модин қол ұстасқан күйі Сидің жанына барып, достық рәуіште әңгіме өрбітті.

ШЫҰ саммитінен кейін Қытайда тағы да бір жоғары деңгейдегі дипломатиялық шара өтпек: 3 қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай ауқымды әскери парад ұйымдастырылады.

Екі күндік саммитте осы атаулы күнге арналған ортақ мәлімдеме қабылданып, жиынға қатысушылардың көбі, соның ішінде Путин де, саммиттен соң Қытайда қалып, әскери парадқа қатыспақ.

XS
SM
MD
LG