Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы бірнеше талпыныстан кейін Жыланбаев туралы жиынды өткізе алды

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдері өткізген Марат Жыланбаевтың жағдайына арналған баспасөз жиыны. Астана, 28 тамыз 2025 жыл.

27 тамызда кешке тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілдері 28 тамызға жоспарланған түрмедегі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевқа қатысты баспасөз жиынын өткізе алмай отырғанын хабарлады.

Олардың сөзінше, алдын ала келіскен орын “су басты” деп оларға жиынды өткізе алмайтынын хабарлаған.

“Қазірге дейін екі орын жиынды өткізуден бас тартты. Қазір өткізетін орын іздеп жатырмыз” деді тіркелмеген партия жетекшілерінің бірі Амангелді Жахин 28 тамызда түске дейін Азаттыққа.

Азаттық жиынды өткізуден бас тартқан орындардың бірі The Еmpire қонақүйіне хабарласып көрді. Телефон тұтқасын алған қызметкер "қонақүйге су кіргенін, конференция залдың ішіне де су кіргенін" айтты. Ал екінші орын Амангелді Жахинге "техникалық себептен" өткізе алмайтынын айтқан.

Дегенмен 28 тамыз күнгі бірнеше талпыныстан кейін белсенділер ақыры Жыланбаевтың жағдайына қатысты баспасөз жиын жеделдетілген режимде өткізе алды.

Жиында спикерлер түрмедегі Жыланбаевтың денсаулығына қатысты шағымдары барын, түрмедегі антисанитария және өзге де жайттарды баяндады.

"Жыланбаев осыған дейін билік өкілдерінің айтқанын жоққа шығарды. Бізге Жыланбаевтың мерзімсіз аштығы "ағзаны жаттықтыру" сияқты қылып көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Мараттың өзі айтып отыр: бұл жасанды ұйымдастырылған қылмыстық іске, үкімге, түрмедегі жағдай, спортпен айналысуға мүмкіндік бермеуге қарсы амалсыздан жасалып отырған акт, наразылық. Әр барған сайын адвокаттан, нақты менен кассациялық шағымды, конфиденциалды құжаттарды, жазбаларды тартып алады. "Бір парақ қағаз бен қалам ал да кір, барлық құжатты тастап кет, келіспесең жолың ашық" дейді. Мұндай адам құқығын, адвокаттың құқығын бұзуды қайдан көрдіңіз?... Бұл Конституцияға қайшы – 13, 18-баптарында адвокатпен құпия жазбаға, сотпен қорғалу құқығының сақталуына кепілдік береді. Қылмыстық-атқару кодексінің 13-бабы сотталушылармен олардың намысын қорлайтын қарым-қатынас жасауға тыйым салады. Бірақ Мараттың камерасында антисанитария, оны медбөлімге ауыстырмайды, тәртіптік камерада егеуқұйрықтар. Спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ, тіпті сурет салуға да рұқсат жоқ. Қазақстан ратификациялаған халықаралық азаматтық және саяси құқық пактінің 10-бабы бойынша бас бостандығынан айырылған сотталушыларға адамгершілікпен қарау керек" деді адвокат Мейіржан Досқараев жиын кезінде.

Кейінгі айлары түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен.

Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Жыланбаевқа кіріп шыққан Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер оның суреттерін жариялап, "оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деген. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.

Кейін Жыланбаевқа кіріп шыққан адвокаттары оның Адам құқығы уәкілімен кездесу кезінде айтқан түрмедегі антисанитария, егеуқұйрықтар мен тышқандар, аштық ұстау себебі мен өзге де заңсыздықтар туралы айтқаны, бірақ Шердің жазбасында ол жөнінде айтылмағаны белгілі болғанын жеткізген.

Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Апелляциялық сот шешімді өзгертпеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.