Қытайдың Тяньцзин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында Су мәселесін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз" деді Тоқаев.
Бұған қоса, Қазақстан президенті ШЫҰ-ның терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыспен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдады.
"ШЫҰ мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді" деді ол.
- ШЫҰ-ға қазір Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Үндістан, Иран, Пәкістан мүше. Қытайдағы биылғы саммит АҚШ пен Батыс елдерінің Украинадағы соғысты тоқтатуға талпынып жатқан тұста әрі АҚШ президенті Дональд Трамп сауда тарифын жаппай өсірген шақта өтті.
- Бұған қоса, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан су мәселесі шешуге тырысып жатыр. Бірнеше өзен мен су көздерін ортақ пайдаланатын аймақта жаз кезінде қуаңшылық болып, елдер су бөлісе алмай жатады. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жиынында да осы мәселе талқыланған. Тяньцзиндегі ШЫҰ саммитінде де Қазақстан басшысы Тоқаев аймақтағы су мәселесін көтеріп отыр.