Тяньцзиньда (Қытай) өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммитінің қорытынды декларациясы қабылданды. Құжатта ішкі іске араласпай принциптері, біржақты күш қолданбау және біржақты санкция салмау жайлы айтылған.
Елдер қауіпсіздік саласында, жасанды интеллектің дамуына байланысты төнетін қауіптерді жоюда бірге жұмыс істеуге келісті. Бұған қоса, әскери байланысты кеңейтуге уағдаласқан. ШЫҰ мүшелері АҚШ пен Израильдің Иранға соққысын сынға алып, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қолдау білдіретінін құжатта бекітті.
Декларацияда ядролық қаруды таратпауға келісті. Бұған қоса, әр ел өз аумағындағы интернетті өзі реттейтіні айтылған. Құжатта Украинадағы соғыс жайлы ештеңе айтылмаған. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің сөзінше, Мәскеудің Украинадағы соғыс бойынша позициясы – "бір елдің қауіпсіздігі екінші елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі тиіс".
"Қытай, Үндістан және басқа да стратегиялық серіктестеріміздің Украинадағы дағдарысты реттеуге атсалысып жатқанын жоғары бағалаймыз. Аляскадағы Ресей мен АҚШ арасындағы кездесуде қол жеткізген түсіністік әріқарай жалғасып, Украинадағы бейбітшілікке жол ашады деп үміттенемін" деді Путин саммитте.
Ресей президенті саммит кезінде Украинаның НАТО-ға мүше болуына жол бермеу туралы тағы айтты.
Бүгін, 1 қыркүйекте Путин Украина соғысын Үндістан премьері Нарендра Модимен және Түркия президенті Режеп Ердоғанмен талқылады. Ердоған Қытайға сапары алдында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен еді. Моди да Зеленскийге хабарласқан.
Украина президенті Зеленский Үндістан премьері Модиге Ресей басшыларымен кездесуге дайын екенін жеткізген. Ал Моди бұл "сигналды" Мәскеу жаққа жеткізуге уәде еткен.
Үндістан премьері Моди Путинмен кездесу "керемет болғанын" айтып, "Украинадағы соғысты тез аяқтап, тұрақты бейбітшілік орнатуды" атап өтті.
Ал Түркия Ердоған мен Путин арасындағы келіссөзден соң Мәскеуді "сенімді серіктес" деп атап, Түркияның Украинадағы соғысты тоқтатуға көп үлес қосып жатқанын атап өтті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев ШЫҰ аясында су мәселесін зерттеу орталығын ашуды ұсынды