WP: АҚШ Газаны кемі 10 жылға бақылауға алуды ұсынды

Газа аймағы

АҚШ Газа аймағын кемі 10 жылға бақылауға алуды ұсынып отыр. Бұл туралы Washington Post бір құжатқа сілтеп хабарлады. Басылымның жазуынша, жоспар аясында Газадан екі миллионнан астам адамды анклав ішіндегі және сыртындағы қауіпсіз аймақтарға уақытша көшіру қарастырылған.

Газадан кетуге көнген әрбір палестиналыққа бес мың доллар ақша беру көзделген. Сондай‑ақ жаңа жерде төрт жылға дейін үй жалдау ақысы субсидияланбақ, бір жыл бойы азық-түлік берілмек.

Құжат авторларының айтуынша, америкалық траст бір адамның көшкенінен 23 мың доллардай үнемдейді, бұл қаражатты Газадағы уақытша тұрғын үйлерді, тіршілікке қажет қызметтерді ұйымдастыруға жұмсауға болады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа тұрғындарын өзге жерге көшіру идеясын бірнеше рет айтқан. Араб елдері оның бұл ұсынысын сынға алған.

Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Газада "Гидеон арбасы" дейтін операция жүргізіп жатыр. Операцияның мақсаты АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС тобының қолындағы қалған тұтқындарды босату деп мәлімделген.

Жақында Израильдің 12-телеарнасы ЦАХАЛ-дың "Гидеон арбасы" туралы ішкі есебіндегі мәліметтерді жариялады. Журналистердің айтуынша, бас штаб жетекшісі Эяль Замир жетістік туралы мәлімдеп жүргенімен, құжатта операцияның сәтсіз жүріп жатқаны айтылған.

Жетістіктер қатарында ХАМАС инфрақұрылымы бөлігінің жойылуы, оның басшылығына соққы жасалғаны айтылады. Бірақ сөйте тұра құжатта Израиль әскері көптеген қателік жібергені де сөз болған. Мысал ретінде Израильдің халықаралық қолдауда қағылып жатқанын, тұтқындардың босатылмағанын атап өткен. Авторлардың саралауынша, ХАМАС өз ресурстарынан айырылмай, саяси тұрақтылығын сақтап қалған.

Сәтсіздік себептеріне ретсіз жоспарлау, Газа секторына гуманитарлық жүктерді жеткізу логистикасындағы кемшіліктер, жердегі маневрлердің әлсіздігі және ХАМАС-тың партизандық тактикасымен күресу қабілетінің болмауы жатқызылған.

ЦАХАЛ баспасөз қызметі бұл есептің жариялануына рұқсат берілмегенін айтып, тергеу басталғанын хабарлады. Израиль әскері ресми түрде операция бастапқы мақсаттарына жетіп, екінші кезеңге өткенін мәлімдеді.