Қазақстан парламенті депутаттары каникулдан оралып, жаңа сессия бастады

Қазақстанда мәжіліс пен сенат депутаттары бірлескен отырыс өткізіп, VIII сайланған парламенттің төртінші сессиясын бастады.

"Бүгіннен бастап Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын бастайды. 8 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда Президентіміз жылдағы дәстүр бойынша халыққа Жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды" деді парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов.

Әдетте парламенттің күздегі сессиясын ел президенті ашатын. Бірақ осы күндері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда сапарда жүр. Ол онда ШЫҰ саммитіне қатысып, одан бөлек Қытай компанияларымен келіссөз жүргізді.

Қошанов сессияны президенттің тапсырмасымен ашқанын айтты. Жиынға сенаттың 50 депутаты, мәжілістің 97 депутаты қатысты. Шақырылғандар арасында президент әкімшілігі басшылығы, премьер-министр Олжас Бектенов, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және өзге де мемлекеттік орган басшылары болды.

Депутаттар жазғы айларда өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездескен.