Суданның батысындағы Дарфур аймағында жер көшкіні тұтас бір ауылды басып қалып, шамамен 1000 адамның өмірін қиды. Африкалық елдің кейінгі тарихындағы ең қасіретті табиғи апаттардың бірін дүйсенбі күні кешке аталған аумақты бақылауда ұстап отырған көтерілісшілер тобы хабарлады.
Қайғылы оқиға жексенбі күні Дарфурдағы Марра тауларындағы Тарасин ауылында болған деді Судан азаттық қозғалысы әскері. Бұл оқиғаға дейін ауылда бірнеше күн бойы жауын жауған.
"Алғашқы мәліметтер бойынша, ауылдың барлық тұрғыны қаза тапқан, олардың саны мыңнан асады. Тек бір ғана адам аман қалған" делінген мәлімдемеде.
Көтерілісшілер тобы ауыл "жермен-жексен" болғанын айтып, БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардан мәйіттерді алып шығуға көмек сұрады.
Жергілікті басылым жариялаған бейнежазбаларда таулардың арасындағы тегістеліп қалған аумақта адамдар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жүргені көрінеді.
Суданда қазір азаматтық соғыс өршіп тұр. 2023 жылғы сәуірде елдің әскері мен "Жедел қолдау күштері" (RSF) арасындағы шиеленіс ел астанасы Хартумда және өзге өңірлерде ашық қақтығысқа ұласқан еді.
Марра тауларын қоныс еткен Судан азаттық қозғалысы әскері – Дарфур және Кордофан аймақтарындағы белсенді қозғалыстардың бірі. Ол бұл соғыста ешбір тарапты қолдамаған.
Марра таулары — Хартумнан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 160 шақырымға созылған жанартаулық тау тізбегі. Бұл аймақ Эль-Фашер маңындағы әскери күштер мен RSF арасындағы ауыр шайқастардан бас сауғалаған босқындар үшін паналау орнына айналды.
Қақтығыс 40 мыңнан астам адамның өмірін қиып, 14 миллионнан астамын баспанасынан айырды. Кейбір отбасылар аштық жайлаған елдің әр тұсында аман қалу үшін шөп жеуге мәжбүр болған.
БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, қақтығыс кезінде ұлттық сипаттағы жаппай кісі өлтіру, зорлау сияқты ауыр қылмыстар жасалған. Халықаралық қылмыстық сот бұл оқиғаларға қатысты соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстарды тергеуді бастап кеткенін хабарлады.
Тарасин ауылы Марра тауларының орталығында орналасқан. Бұл жанартаулық аймақтың ең биік нүктесі 3000 метрден асады. ЮНИСЕФ-тің дерегінше, ЮНЕСКО мұрасына кіретін бұл тау тізбегі айналасындағы өңірлерге қарағанда салқындау әрі онда жауын-шашын мол түседі. Ол ел астанасы Хартумнан батысқа қарай 900 шақырым жерде орналасқан.
Жексенбідегі жер көшкіні Суданның кейінгі тарихындағы ең қасіретті табиғи апаттардың бірі болды. Елде шілде-қазан айларындағы маусымдық нөсер жауын кезінде жыл сайын жүздеген адам қаза табады.