Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Тимур Дәнебаев бостандыққа шықты

Түрмеден жаңа босаған Тимур Дәнебаев видео үндеу жолдап отыр. Видеоны құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялады. 2 қыркүйек 2025 жыл.

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Тимур Дәнебаев бостандыққа шықты. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады. Мұны оның інісі Марат Дәнебаев та растады.

Төреғожина Facebook желісінде Тимур Дәнебаевтың видео үндеуін жариялады. Онда ол жұртты сейсенбі және сәрсенбі сайын Көкшетау қаласында өтетін сотқа, азаптау істерінің қаралуына шақырады.

Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған.

Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған.

Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар тізіміне" қосқан. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси астармен қудалауға негіз болатын заң жоқ, сол себепті саяси тұтқын жоқ дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Дәнебаев түрмеде азапталды


  • 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған. Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
  • Биыл ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тимур Дәнебаевты азаптады деп айыпталған түрмедегі 12 қызметкерді ақтаған. Бірақ сәуір айында Ақмола облыстық соты бұл үкімнің күшін жойғаны белгілі болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмедегі жанжал белсенділердің жаза мерзімін ұзартуға әкелуі мүмкін. Бұл арандату ма?