Қазақстан шетелдік студенттерге виза беру тәртібін қатаңдатып, Қазақстанда оқығысы келетін шетелдіктерді толық тексерістен (background check) өткізбек. Бұл туралы ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке сілтеп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Қазақстан осы арқылы студентпін деп елге кіріп, жұмыс істейтін мигранттарды алдын алмақ.
"Біраз елде виза алу жеңіл болғандықтан келеңсіз жағдайлар болған. Бангладештен көп адам оқу үшін емес жұмыс істеуге келген. Немесе Ауғанстаннан келгендер Еуропаға транзитпен кетуді ойластырған. Қазір біз виза жасау ыңғайлы әрі қауіпсіз болу үшін сыртқы істер министрлігімен, ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз" дейді Саясат Нұрбек.
Министр егер Қазақстанда да студенттік визаны алу жеңіл болса, оқимын деп келіп жұмыс істейтін мигранттары көбейеді деп санайды.
Қазір Қазақстанда студенттерге оқу визасы бір жылға беріледі. Шетелдік студенттер жыл сайын визасының уақытын создыруы тиіс. Министрдің пайымдауынша, шетелдік студенттер визасын создыру үшін "көмектесетіндер" іздеп, ақша ұсынуы мүмкін.
Қазақстан енді шетелдік студенттерге визаны оқуы аяқталғанша бермек. Бірақ background check жасамақ. Яғни, студенттің жеке басын, құжаттарының рас-өтірігін толық тексерістен өткізеді.
Бұған қоса министр Саясат Нұрбек Қазақстан талантты студенттердің елде қалуына мүмкіндік жасап "уақытша тұру құжатын" беретінін мәлімдеді.
Қазір Қазақстан университеттерінде Үндістан, Пәкістан, Бангладештен келіп оқитын студенттер көп. Олардың көбі Алматы университеттерінде.