Ресей Украинаға соғыс ашқалы майданда 128 115 солдаты қаза тапқан. Мұны ашық дереккөздердегі ақпараттар, зираттар мен көңіл айтулар арқылы ВВС-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" жобасы анықтаған.
Журналистер қаза тапқандардың көбі соғыс басталған соң өз еркімен майданға аттанғандар (29%) дейді. Одан кейінгі орында түрмеден соғысқа аттанғандар (14%) мен мобилизацияланғандар (11%).
Басылым мобилизациямен соғысқа аттанып, қаза тапқандардың үлесі көп болуы мүмкін деп санайды. Себебі көңіл айту хабарламаларында қаза тапқандардың соғысқа қалай барғаны айтыла бермейді.
Бұған қоса, журналистер Ресейдің соғыстағы адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Ал әскери сарапшылар ашық дереккөздер арқылы анықталғандар қаза тапқандардың 45-65 пайызын ғана құрайды деп топшылайды.
Ал "Медуза" мен "Медиазона" басылымдары мұрагерлік реестрді зерттеу арқылы соғыста Ресейдің 219 мыңдай солдаты қаза болды дейді. Журналистер Ресейдің адам шығыны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Мәселен 2023 жылы майданда 50 мыңдай солдат қаза тапса, 2024 жылы 93 мың әскери өлген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптың "ультиматумы" Путиннің ұстанымына әсер ете ме? Сарапшылар күмән келтіреді