Тоқаев сенатты таратып, бір палаталы парламент құруды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында бір палаталы парламент құруды ұсынды және талқылауға "бір жыл уақыт керек" деді. Бұған қоса, бір палаталы парламент құру бойынша 2027 жылы референдум өткізу жайлы айтты.

"Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын" деді ол.

Тоқаев қазіргі мәжіліс мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істей беретінін, ал сенаттың референдум нәтижесіне қарай тарайтыны я тарамайтыны белгілі болатынын айтты.

Қазақстанда қазір парламент сенат және мәжілістен құралады. Мәжіліс сайлау арқылы жасақталады. Ал сенаттағы 50 депутаттың 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев масылдық жайлы айтып, әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауды ұсынды