Футболдан Қазақстан құрамасы 7 қыркүйекте Бельгиядан 0:6 есебімен жеңілген соң команданың бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кететінін мәлімдеді.
Брюссельдегі ойын 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында өткен еді. Қазақстан іріктеу жарысында бес ойын өткізіп, Уэльспен екі ойында, Солтүстік Македония мен Бельгиямен бір-бір ойында жеңілді. Тек топтағы аутсайдер Лихтенштейннен ғана басым түсті.
Әли Әлиев Бельгиямен ойында.
44 жастағы қазақстандық маман Әлиев ұлттық құрама бас бапкері болып биыл сәуірде тағайындалған. Оның келісім-шарты биылғы жылдың соңында аяқталады. ҚФФ Әлиевтің отставкасын қабылдағанына қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.
Алиевтің алдында ұлттық құраманы ресейлік маман Станислав Черчесов басқарған еді. Ол құраманы жаттықтырғанда команда алты ойын өткізіп, алтауында да жеңілген еді. Биыл жыл басында Черчесов те қызметінен кеткен.