Астанадағы көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы басқа аймақтардан 10 есе көп – Министр Жақыпова

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова

Астанадағы көпбалалы отбасылар басқа аймақтармен салыстырғанда 10 есе көп жәрдемақы алады дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

"Нақты мысал келтіре аламын, мәселен, Астанада алты балалы көп отбасы тоқсанына 2,7 миллион теңге, ал басқа аймақтардағы [отбасылар] 273 мың теңге жәрдемақы алады. Сондықтан әлеуметтік әділдік принципі болу үшін әлеуметтік көмекті барлық аймаққа бірдей беру жағы қарастырылады" деді Жақыпова үкімет кулуарында.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында «жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылып жатқанын» айтқан.

"Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады" деген еді Тоқаев жолдауында.

Қазақстан басшысы жолдауында халыққа әлеуметтік көмек беру жағын қайта қарауды да тапсырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібін өзгерткісі келеді. Қалай?

2020 жылы ақпанда Астанадағы Көктал-1 елдімекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиғадан соң көпбалалы отбасылар биліктен әлеуметтік көмекті көбейтуді талап етіп, наразылыққа шыққан еді. Осыдан кейін сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әлеуметтік жәрдемақыны көбейтуді тапсырған. ?Бұл тапсырмадан соң үкімет атаулы әлеуметтік көмек енгізіп, көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеген. Бірақ кейін әр балаға 21 мың теңгеден беру жүйесін алып тастап, әлеуметтік көмек тағайындағанда отбасының табысы есептелген еді. Бұл да көп балалы отбасылардың наразылығына ұшырады. Сол кезде де билік өкілдері "масылдық" жайлы айтқан еді.

Көпбалалы отбасылар елде қымбатшылық пен инфляция күшейген тұста үкіметтің беретін әлеуметтік көмегі жетпейтінін жиі айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев масылдық жайлы айтып, әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауды ұсынды