Франция парламентінің кіші палатасы үкіметке сенімсіздік білдірді

Франсуа Байру

Франция төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея ел премьер-министрі Франсуа Байруге сенімсіздік білдірді. Үкімет басшысы енді отставкаға кетуге тиіс.

Дауыс берген депутаттардың 364-і сенімсіздік білдірген. Байруды тек 194 депутат қана қолдаған.

74 жастағы центрист Байру тоғыз ай бұрын премьер атанған. Ол кезде парламент оны қолдаған. Бірақ бұл жолы солшыл оппозиция да, оңшыл оппозиция да оған қарсы шығып, отставкаға кетуін талап етті. Президент Эммануэль Макрон жақтастары парламентте көпшілік дауысқа ие емес, сол себепті оған парламент қолдауын табатын басқа кандидат табу қиынға соғуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, Байру үкіметіне сенімсіздік білдіруге себеп болған – бюджет мәселесі. Байру парламентке бюджет тапшылығын үнемдеу арқылы шешетін жоба ұсынған. Бірақ мұны солшыл популистер де, оңшыл популистер де қолдамаған.

Социалистер мәлімдеме жасап, Макрон қолдаса, үкіметке өз адамын ұсынуға дайын екенін айтты. Біріккен солшыл күштер кейінгі сайлауда жеңіске жетіп, әсіре оңшыл "Ұлттық бірлестік" партиясының ықпалын азайтқан. Макрон солшылдардың үкімет құруына екі рет қарсы шықты.

"Ұлттық бірлестік" пен әсіре солшыл "Бағынбаған Франция" парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді талап етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Макрон түптің түбінед бұл қадамға баруы ықтимал. Дегенмен кейінгі сайлау бір жыл бұрын ғана болған және ол кезде кезектен тыс сайлау өткен.

Елисей сарайы мәлімдеме жасап, Макрон премьер-министрлікке жаңа үміткерді "алдағы күндері" ұсынатынын айтты. Бірақ парламенттің қолдауы керек.