Ресей азаптауға қарсы конвенциядан шықпақ. Путин Мемдумаға ұсыныс білдірді

Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік думаға Азаптаудың, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза тағайындаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенциядан шығу жөнінде жоба ұсынды.

Ресей конвенциядан шыққан соң өз түрмелеріне халықаралық инспекторларды кіргізуге міндетті болмайды. Сондай-ақ Азаптаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет ресейлік тұтқындардың шағымын қарастыруды доғарады.

Заң жобасына түсіндірме хатта 2023 жылдан бастап Ресейдің Еуропалық комитетте өкілі жоқ екені атап өтілген. Бұған Еуропа Кеңесінің Ресейден жаңа мүшені сайлау процесін бұғаттауы себеп болған. Ресей мұны алалау деп санайды.

Еуропалық конвенцияға Еуропа кеңесінің мүшелері қосылған. Ресей кеңесте 26 жыл болып, 2022 жылы одан шығып қалған.

Мәскеу азаптауға қарсы конвенцияға 1996 жылы қол қойып, ол екі жылдан кейін Ресейде күшіне енген.