Чехия арнайы қызметтері Румыния және Венгрия құзырлы органдарымен бірлесіп Еуропада жұмыс істеген беларус тыңшылық желісін жойғанын мәлімдеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Чехияның Қауіпсіздік және ақпарат қызметі (BIS) хабарлады.
Прага Беларусь елшілігі қызметкерін нон грата тұлға деп жариялады. Чехия құзырлы органдарының айтуынша, ол азамат дипломатиялық қызметті бүркеме ретінде пайдаланған барлау офицері болған. Ал Румынияда Беларуське жұмыс істеді деген Молдова арнайы қызметінің бұрынғы лауазымды қызметкері ұсталды. Бұл туралы Азаттықтың Беларус қызметі хабарлады.
BIS-тің ақпаратына қарағанда, Еуропадағы тыңшылық желісін Беларусьтің мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құрған.
"BIS-ке және Чехия дипломатиясына тыңшылықпен айналысқан беларус агенттерін әшкерелегені үшін алғыс айтамын" деп жазды Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский X желісінде. "Елімізде агенттердің емін-еркін жүруіне жол бермейміз, Чехия Республикасын қорғаймыз".
Ұсталған дипломат Чехиядан 72 сағат ішінде кетуі керек. Әзірге оның аты-жөні айтылмай отыр.
Беларусьтің тыңшылық желісіне қатысы бар деген адамдардың бірі – Молдова барлау қызметі басшысының бұрынғы орынбасары. Азаттық радиосының Румын қызметі Румынияның Ұйымдасқан қылмыс пен терроризмді тергеу басқармасы 47 жастағы Молдова оцицерінің ұстағанын растады, бірақ әзірге оның да аты аталмады. Молдова офицері Беларусь үшін тыңшылық жасады деп айыпталып отыр. Ол қазір мемлекеттік құпия өзге біреуге беру арқылы сатқындық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы "Настоящее время" телеарнасы мен Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.
Тараған ақпаратқа қарағанда, күдікті кейінгі жылда Венгрия астанасы Будапешт қаласында Беларусьтің КГБ қызметкерлерімен екі рет кездескен.
Чехиядағы BIS қызметінің айтуынша, беларус агенттері дипломаттардың Еуропада емін-еркін жүру мүмкіндігін белсене пайдаланған. Чехия арнайы қызметінің басшысы Михал Коуделка осыны ілік етіп, Чехияның "Ресей мен Беларусьтің аккредиттелген дипломаттарына Шенген аймағында жүріп-тұруды шектеу туралы" ұсыныс айтқанын еске салды. Бұл ұсыныс қазір Еуроодақ деңгейінде талқыланып жатыр, бірақ әзірге ортақ шешім жоқ.
Беларусь билігі Чехия мен Румыния арнайы қызметтерінің бұл мәлімдемесі жайлы әзірге пікір білдірмеді.