Сейсенбі, 9 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдап, оның есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде Әзімова кейінгі 2,5 жылда Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскенін айтқан.
"Конституциялық сот судьялары өтініштерді қарау барысында 5 мыңнан аса құқық нормасын зерделеді. Тексеру қорытындысы бойынша 300-ден астам шешім қабылданды. Соның ішінде заңдар мен басқа да нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан 74 қорытынды қаулы шығарылды. Осылайша, 20 құқық нормасы Конституцияға қайшы деп танылып, 25 құқық нормасына нақты түсіндірме берілді" деп келтірді оның сөзін Ақорда баспасөз қызметі.
Әзімованың баяндауынша, осы күнге дейін Конституциялық соттың 41 қаулысы заңдарға түзету енгізу арқылы орындалған. Қазір парламент палаталары 19 қаулының талабын ескеретін 8 заң жобасын қарастырып жатыр.
Қазақстанда Конституциялық сот 2023 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Мұндай Қазақстанда бұрын да болған. 1990 жылдардың басында қызмет еткен бұл сот 1995 жылғы конституциялық реформадан соң кеңеске айналған.
2022 жылғы жолдауында Тоқаев Конституциялық кеңеске қарапайым азаматтар жүгіне алмайтынын айтып, Конституциялық сот құруды ұсынған.
Сот 11 судьядан тұрады. Президент сенат келісімімен төрағасын, төраға келісімімен Конституциялық сот судьялары арасынан төраға орынбасарын тағайындайды. Бұдан бөлек төрт судьяны президент, үш судьяны сенат, үш судьяны мәжіліс тағайындайды.
Конституциялық сот құрылғалы оған жетекшілік ететін Эльвира Әзімова оған дейін адам құқығы жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституциялық сот мектептегі "орамал дауына" байланысты өтінішті қараудан бас тарттыСарапшылар саяси жүйеде шынайы бәсеке болмай, Конституциялық соттың тәуелсіз болуы қиын екенін айтады.