Forbes Kazakhstan журналы 9 қыркүйекте "Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйел" рейтингін жариялады. Бірінші орында "Халық банктің" басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова тұр.
Ал мемлекеттік басқару саласынан қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова, азаматтық авиация комитетінің басшысы Салтанат Томпиева енген.
Бизнес саласынан Telli Ondiris косметикалық брендінің иесі Әсел Тасмағамбетова (ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің қызы), қоршаған орта министрі болған Нұрлан Қаппаровтың әйелі Гаухар Қаппарова, Алматының экс-әкімі Ерболат Досаевтың әйеті Гүлнар Досаева бар.
Квагисектордан рейтингке үш әйел – президент телерадиокешенінің президенті Раушан Қажыбаева, "Отбасы банктің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының тәуелсіз директоры Алина Алдамберген енген.
БАҚ саласынан Orda.kz сайтының редакторы Гүлнара Бажкенова, құқық қорғау саласынан Конституциялық сот төрайымы Эльвира Азимова, балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" төрайымы Зәуреш Батталова бар.
Мәдениет пен ғылымнан музыкант Жәния Әубәкірова мен биология ғылымдарының докторы, президенттің ғылым мен инновация бойынша кеңесшісі Күнсұлу Закария енген.
Forbes Kazakhstan мұндай рейтингті екінші рет жариялап отыр. Былтырғы тізімге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы, Кемел Тоқаев қорының құрушыларының бірі Қарлыға Ізбастина болған еді.
"Президенттің қарындасы және үш Ізбастиннің анасы қоғамға ықпалы жоқ деп айтатындар мені таспен атса болады" деген еді Forbes журналының рейтингтер бойынша редакторы Ардақ Бөкеева "Гиперборей" Youtube-каналына берген сұхбатында.
68 жастағы Қарлыға Ізбастина – дипломат, Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы елшісі Теміртай Ізбастиннің әйелі. Екеуінің үш ұлы, бір қызы бар. Мұхамед Ізбастин – бизнесмен әрі елдегі ықпалды кәсіпкерлердің рейтингіне енген. Қаныш Ізбастин елдегі бірнеше ұлттық компанияда басшылық қызметте. Ал Бекет Ізбастин – "Қазмұнайгаздың" еншілесі PSA компаниясының бас директоры.
Былтырғы рейтингте болған құқық қорғаушы, "Ар. Рух. Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина да биылғы тізімде жоқ. Биыл сот Төреғожинаны "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, айыппұл салған. Құқық қорғаушы түрмеде отырған азаматтық белсенді Марат Жыланбаевтың жағдайына назар аударту үшін желіде жазбалар жариялаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Апелляция соты Бақытжан Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпедіForbes Kazakhstan рейтинг түзгенде 120-дан аса кандидат сарапталғанын, тізім саясаттанушылар, журналистер, кәсіпкерлер мен консатлинг және сараптама компаниялардың өкілдерінің дауыс беруі арқылы жасалғанын айтады.