Непалдағы наразылық: әлеужелі бұғаттан шықты, премьер отставкаға өтініш берді

Непалдағы наразылық. Шерушілер әлеуметтік желілердің бұғатталғанына қарсы шықты.

Непал билігі әлеуметтік желілердің бұғатталуына қарсы наразылықты тарату кезінде 19 адам қаза тапқан соң райынан қайтып, бұғатты тоқтатты. Бұл туралы үкіметке сілтеп Рейтер агенттігі хабарлады.

Сейсенбі күні сондай-ақ ел премьер-министрі Шарма Оли отставкаға өтініш бергені мәлім болды.

Наразылыққа көбіне жастар шығып жатыр. Шерушілердің айтуынша, әлеуметтік желілердің бұғатталғанына қарсы "Z ұрпақ" акциясы кезінде мыңнан астам адам жарақат алған.

Танымал мессенжерлер мен әлеуметтік желілерге тыйым өткен аптада күшіне енген.

"Біз әлеуметтік желілерді бұғаттауды тоқтаттық. Олар енді жұмыс істеп тұр" деді Рейтерге Непалдың Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Притви Субба Гурунг. Ақпарат агенттігі министр сөзін тексеріп, сейсенбі таңында ел аумағында әлеуметтік желілер істеп тұрғанына көз жеткізді.

Бірақ наразылық акциясы сейсенбі күні де жалғасты. Оған ел астанасы Катмандуда комендант сағаты енгізілгені тосқауыл болмады. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, наразылар бірқатар саясаткердің резиденциясына өрт қойған. Олар парламент алдына жиналып, үкіметке қарсы ұрандар айтып тұр.

8 қыркүйек күні наразылар парламентке басып кірмек болған кезде полиция көз жасын ағызатын газ қолданып, резеңке оқ атқан.

Бұғаттауға YouTubem, X (бұрынғы Twitter), Reddit, LinkedIn, WhatsApp, Facebook және Instagram секілді платформалар ұшыраған. Билік бұл платформалар тиісті тіркеуді өтпеді деген. Тамызда Непал жоғарғы соты қаулы шығарып, интернеттегі жалған ақпарат күрес мақсатында онлайн-сервистер мемлекет бақылауына алынуы керек деген.

Бұл қадамды айыптаушылар Непал өкіметі танымал мессенжерлерді реттеуді емес, өз бақылауына алуды ойлап отыр дейді.