Ресейлік пропагандист Маргарита Симоньян "ауыр дертке шалдығып, ота жасатқанын" айтты

Маргарита Симоньян

Ресейдің пропагандалық "Россия сегодня" медиасы мен RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян 8 қыркүйек кешкісін телеграмында операция жасатқанын жазды. Ал бір күн бұрын, 7 қыркүйекте ол "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасының эфирінде "қорқынышты, ауыр дертке" шалдыққанын айтқан еді.

Эфирде Симоньян операция жасататынын меңзеп, омырауының сол жақ тұсын көрсеткен еді. Одан кейін ол жасалатын ота мастэктомия (қатерлі ісікке байланысты сүт безін алып тастау) екенін айтқан.

Ресейлік ақпарат көздері кремльшіл пропагандист-журналистің қатерлі ісікке шалдыққанын жазды.

45 жастағы Маргарита Симоньян 2005 жылдан бері RT телеарнасын, 2013 жылдан бері "Россия сегодня" агенттігін басқарады.

Ол бірнеше рет Қазақстанға қатысты қатқыл сөздер айтып, Қазақстан қоғамында сынға ұшыраған. Мәселен, 2024 жылы желтоқсанда Симоньян "Эхо" радиостанциясында "Украина мен Сирияға ғана емес Қазақстандағы "бармелейлермен" (орыс ертегісіндегі бұзық кейіпкер – Ред.) күреске әскер жіберсек бақытты болар едім" деген еді.

Бұған қоса 2022 жылы Қазақстан тарабы Украина аумағындағы "ЛНР" мен "ДНР" сепаратистік аймақтарын мойындамайтынын айтқанда Симоньян "Оларды не үшін құтқардық сонда?" деп айтқан. Осылайша ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің жіберілгенін меңзеген.

  • Симоньянның оның күйеуі, режиссер Тигран Кеосаян 2025 жылы қаңтарда клиникалық өлімге түсіп, әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр.
  • 2022 жылы мамырда Қазақстан Жеңіс күніне парад өткізуден бас тартқанда, Кеосаян Қазақстанға қарата "Украинаға қараңдар, дұрыстап ойланыңдар. Біздің жауапты адамдар Қазақстанмен қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек" деген еді. Кеосаянның сес көрсеткен сөзі де Қазақстан қоғамында қарсылыққа ұшыраған.

    Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Кеосаянды "елге келуге тыйым салынғандардың" тізіміне қосқан.