Израиль әскері 9 қыркүйекте ХАМАС ұйымының (АҚШ, ЕО террорлық ұйым деп таныған) жоғарғы басшылары Катар астанасы Дохада болғанда шабуыл жасады. Бұл – Израильдің Катар аумағындағы алғашқы операциясы.
Израильдің қорғаныс әскері "[ХАМАС ұйымына] қатысы жоқ адамдар зардап шекпес үшін жоғары дәлдікпен көздейтін қару мен барлау ақпараттары пайдаланылды» деп мәлімдеді.
Ал Катар сыртқы істер министрлігінің өкілі Мәжит Әл-Ансари ресми Доха ХАМАС өкілдеріне жасалған шабуылды "айыптайтынын" айтқан. Оның сөзінше, шабуыл ХАМАС үйымының саяси бюросының бірнеше мүшесі тұратын үйге жасалған.
"Бұл – барлық халықаралық заң нормаларын бұзу әрі катарлықтар мен Катар тұрғындарының өміріне қауіп төндіру" деді Катар сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.
"Әл Жазира" телеарнасы шабуыл ХАМАС ұйымының Дохадағы жиналатын орнына жасалғанын айтады.
Ал "ХАМАС" өкілдері "Әл Жазира" арнасына "Дохада қозғалыс лидерлері АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы атысты тоқтату бойынша ұсынысын талқылап жатқанда шабуыл жасалды" деген.
Кеше, 8 қыркүйекте Иерусалимде теракт болып, бірнеше адам жолаушылар автобусын атқылаған. Шабуылдан алты адам қаза тауып, 12 адам жараланған еді. Бұл шабуылды ХАМАС өз мойнына алды.
The Times of Israel басылымы дереккөздеріне сілтеп, Израиль Дохадағы ХАМАС қозғалысының өкілдеріне шабуыл жасау үшін АҚШ президенті Дональд Трамптан рұқсат алған деп жазды. 8 қыркүйекте Трамп ХАМАС-қа "соңғы ескерту» жасап, израильдік тұтқындарды босатуды талап еткен.
2023 жылы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасап, ондаған адамды кепілге алған еді. Қазір кепілге алынған адамдардың біразы әлі босатылған жоқ. ХАМАС-тың шабуылына жауап ретінде Израиль Газа секторына шабуылдап, 64 мың адам қаза тапқаны айтылады.