Алматыда белсенді Айжан Мамешова ұсталды

Айжан Мамешованы ұстауға келген полиция қызметкерлері. Алматы, 3 қыркүйек 2025 жыл.

Алматыда белсенді Айжан Мамешова 48 сағатқа қамалды. Бұл жөнінде заңгер Ерлан Қалиев Азаттыққа айтты. Бір күн бұрын белсенділер Мамешованы полиция үйінен күштеп ұстап әкеткенін хабарлаған еді.

Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.

Полиция ізінше “Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл істе Қалиевтің сөзінше, Мамешова қорғауға құқығы бар куәгер ретінде статусы бар.

“Бірақ соған қарамастан оны куәгерден күдікті статусына ауыстыруға дәлел болмай жатып, ешқандай дәлелдер болмай жатып тергеуші оны 48 сағатқа қамау туралы шешім шығарды” деді Қалиев Азаттыққа.

Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.