Алматыда блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлы ұсталды

Мирболат Мырзатайұлын жақтаушылар Алматы қалалық полиция департаменті маңында тұр. 3 қыркүйек 2025 жыл.

Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлы ұсталды. Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қасымбаев 3 қыркүйекте блогерге араша сұрап, полицияға барған белсенділерге Мирболат Мырзатайұлының ұсталу себебін түсіндірді.

“[Мирболат Мырзатайұлы] Бишуиновқа қатысты ҚР 174-бабымен қылмыстық іс қозғалды” деді ол. Айтуынша, екі күн ішінде тергеу соты оған бұлтартпас жазаны тағайындау мәселесін қарайды,

Журналистің туыстары кешеден бері оның із-түзсіз жоғалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Әпкесінің сөзінше, соңғы рет ол жақындарына 2 қыркүйек сағат 16:30 шамасында Талғардан келе жатқанын айтқан. Оның көлігі Талғар трассасындағы экопостың тұрағынан табылды.

Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.

3 қыркүйекте белсенділер, басым бөлігі - желтоқсаншылар, Мирболат Мырзатайұлының ұсталуын белсенділігімен байланыстырып, биліктен оны босатуды талап етіп, қол жинады.