АҚШ мемлекеттік департаменті америкалық көші-қонға жатпайтын визаларды, соның ішінде турист визасын алу тәртібін қатаңдатты. Мекеме ресми сайтында жариялаған хабарламаға сәйкес, жаңа ереже дереу күшіне енді. Әлгіндей визаларды алғысы келетін үміткермен сұхбат ол тұрақты тұрып жатқан елде немесе өзі азамат болып табылатын мемлекетте ғана жүргізіледі.
Бұл талап АҚШ елшілігі жоқ немесе әдеттегі консулдық қызметті толық көлемде көрсетпейтін елдерге қолданылмайды. Ондай елдің қатарына Ресей де кіреді. АҚШ-тың Мәскеудегі дипломатиялық өкілдігінде қызметкер саны едәуір қысқарғаннан кейін консулдық операциялар барынша шектелген болатын. Осыған байланысты Ресей азаматтарына виза алу үшін тек үшінші елдердегі нақты көрсетілген америкалық елшіліктерге жүгінуге тура келеді. Олар – Қазақстан астанасы Астанадағы және Польша астанасы Варшавадағы АҚШ елшіліктері. Бұл екеуінен басқа елдердегі АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктері ресейліктерге виза бермейді.
Украина азаматтары америкалық виза алу үшін Польшадағы (Краков пен Варшавадағы) АҚШ дипломатиялық миссияларына жүгінеді, ал Беларусь азаматтарына Варшава мен Вильнюстегі елшіліктерге бару ұсынылды.
Жоспарланып қойған сұхбаттар күшінде қалады деп жазылған ресми хабарламада. Сонымен қатар гуманитарлық немесе саяси себептерге байланысты жалпы ережеден ерекше жағдайларды ескеру мүмкіндігі қарастырылған.
• Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ көші-қон саясатын айтарлықтай қатаңдатқан. Мәселен, билік ел аумағында заңсыз жүр деп саналған немесе босқын мәртебесін беруге жатпайтын адамдарды депортациялау бойынша ауқымды науқандар жүргізіп келеді. АҚШ аумағынан шығарылғандар арасында ресейліктер де бар. Америкалық ресми мекемелер әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында Ресей азаматтарына визасыз елге кіруге талпынбауды ескертіп келеді.
• 2021 жылдан бері АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің консулдық бөлімі ресейліктерге турист визасын бермейді. Алайда бұл ретте Еуроодақтың кейбір елдерінен айырмашылығы, Ресей Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін де Вашингтон АҚШ-тың өзге елдердегі елшіліктері арқылы әлгіндей виза алуды шектемей келген еді.