АҚШ-тағы Turning Point USA атты консервативті студенттік ұйымның негізін қалаған әрі қоғам қайраткері Чарли Кирк 10 қыркүйекте Юта штатының Орем қаласындағы Юта Вэлли университетінде өткен шара кезінде оқ тиіп, ауыр жараланып, кейінірек ауруханада көз жұмды.
Мойын тұсынан оқ тиген Кирк ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп оның қазасы туралы хабарлады. Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында Киркті "барлық жағынан тамаша адам" деп атап, жұртты дұға етуге шақырды.
Чарли Кирк негізін қалаған ұйым да оның қазасын растады.
Университет өкілінің Reuters агенттігіне айтуынша, оқ көршілес ғимараттан атылған. Алғашқыда полиция оқ атқан адамды ұстады деген хабар тарағанымен, ұсталған басқа бір адам екені кейінірек анықталды.
Федералдық тергеу бюросы директоры Каш Патель Х әлеуметтік желісіне: "Юта Вэлли университетінде Чарли Киркке қатысты қайғылы оқиға жөніндегі хабарларды мұқият бақылап отырмыз. Ойымыз бен дұғамыз Чарли мен оның отбасы, сондай-ақ зардап шеккендермен бірге", – деп жазды. Оның айтуынша, агенттік қызметкерлері дереу оқиға орнына аттанған.
Кирктің жараланғаны туралы алғашқы хабар тарағаннан кейін АҚШ Конгресіндегі қос партияның өкілдері оған қолдау білдірді. Өкілдер палатасындағы демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис: "Саяси зорлық-зомбылық ЕШҚАШАН ақтауға жатпайды. Менің ойым мен дұғам Чарли Кирк пен оның отбасымен бірге", – деп жазды.
Бұл оқиғаны бұрынғы вице-президент, демократиялық партия өкілі Камала Харрис те айыптады.
Алайда консервативті көзқарастағы кейбіреулер демократтарды Киркке қарсы өшпенділікті қоздырды деп сынға алды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода Кирктің үлкен аудитория алдында сөйлеп тұрған сәтінде қатты дыбыс естіліп, ол қолын тамағына апарғаны, қан шапши бастаған соң Кирк орындықтан құлап түсіп, жиналған жұрт жан-жаққа қашып, дүрбелең басталғаны көрінеді.
31 жастағы Чарли Кирк Дональд Трамптың негізгі жақтастарының бірі ретінде танылған. Ол былтыр қарашадағы президенттік сайлау кезінде жастар арасындағы қолдауды жұмылдыруда маңызды рөл атқарды. Кирктің университеттерде өткізген іс-шаралары әрдайым көп адам жинайтын.
Кирктің X желісіндегі парағына 5,2 миллион қолданушы жазылған. Ол көпке белгілі The Charlie Kirk Show подкастын және радиобағдарламасын жүргізді, сондай-ақ жуырда Fox News арнасындағы Fox & Friends бағдарламасына жүргізуші ретінде қатысқан.
Ол Дональд Трампты қолдайтын ең ықпалды консервативті инфлюенсерлер қатарында болды. Негізгі бұқаралық ақпарат құралдарын жиі сынға алып, нәсіл, гендер және иммиграция тақырыптарында өткір әрі кейде даулы пікір білдіріп жүрді.
Reuters дерегінше, 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылдан бері АҚШ-та 300-ден астам саяси астары бар зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Ал былтыр шілде айында Дональд Трамптың өзі Пенсильвания штатында өткен сайлауалды жиында жеңіл жараланған еді.