Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы құлағаннан кейін ресейлік "АльфаСтрахование" АҚ 2025 жылдың ақпанынан бері апаттан қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге өтемақы төлей бастады деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.
Ведомствоның айтуынша, әзербайжан әуе компаниясына "ұшақтың толық сақтандыру құны – 1,003 млрд рубльді" төлеген.
"Рейстегі 62 жолаушының 46-сының жарақаты мен қазасы бойынша талаптар толығымен қанағаттандырылды: 15 ресейлік азаматтың – 7-іне; 38 әзербайжан азаматының – 35-і үшін; барлық 3 қырғыз азаматы үшін; 6 қазақстандықтың біріне [өтемақы берілген]" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, апаттан зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстарына барлығы 358,4 млн рубль төленген. Бұл процесс жалғасып жатқанын да айтты.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы шұрық тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.