Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін пайдалана бастады

Әзербайжан және Армения басшылары Ақ үйде қол алысып тұр.

Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін қайта пайдалана бастады деп мәлімдеді Армения премьер-министрі Никол Пашинянның баспасөз хатшысы Назели Багдасарян 6 қыркүйекте.

Оның айтуынша, 31 тамызға қараған түні Пашинян шетелдік сапарға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да Әзербайжан арқылы ұшып өткен.

Екі ел басшылары Вашингтонда бейбітшілік декларациясына қол қойғаннан кейін Армения жағы Әзербайжанның әуе кеңістігін пайдалануды сұраған.

«Біз бұл фактіні аймақтағы коммуникацияны қалпына келтіруге, бейбітшілікті нығайтуға және өзара сенім атмосферасын құруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастырамыз», - деді Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Әзербайжан ұшақтары да Арменияның үстінен еш кедергісіз ұшады.

Екі ел Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты отыз жылға жуық уақыт бойы бір-бірінің әуе кеңістігін кесіп өтпеген.

Бейбітшілік туралы декларацияға Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев 8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін қол қойған.

  • Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армяндар басым болған. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады. Аймақтың тәуелсіздігін Арменияның өзі де мойындаған жоқ.
  • 2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
  • 2023 жылы күзде Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.