Астанада жануар құқығын қорғаушыларға митинг өткізуге рұқсат бермеді

Жануарларды қорғаушылар акциясы. Азаттық архивіндегі фото.

Астана қаласының ішкі саясат басқармасы белсенділерге "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулерге қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Жануарды қорғау жөніндегі Inucobo қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, басқарма "ескерту беру мерзімі бұзылғандықтан" өтінішті қабылдамаған.

Алайда белсенділердің сөзінше, олар "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңға сәйкес, ескерту-хатты митинг өтетін мерзімнен бес күн бұрын берген.

Парламентте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулер қаралып жатқан шақта қазақстандық жануар құқығын қорғаушылар сондағы түзетулерге қарсы петиция жариялады. Түзетулерге сәйкес, қаңғырған жануарларды ұстағаннан кейін бес күн уақыт беріледі, осы уақытта ешкім оларды алып кетпесе, оларға эвтаназия қолданылады. Қараусыз қалған жануарларға берілетін мерзім – 60 күн.

Петиция авторлары мұндай түзетулерді қабылдамауды, сонымен қатар құқық, ветеринария, экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген балама заң жобасын қарауды сұрап отыр.

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданған.

Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді. Заңда қаңғыған иттің иесі бес күнде табылмаса, онда ол зарарсыздандырылып, панажайға немесе табиғатқа жіберілетіні жазылған. Заң қаңғыған иттерді егер олар айналаға қауіп төндірмесе, жоюға тыйым салады.

Заңға түзетулер енгізілетіні былтыр қаңтарда белгілі болған. Қазір депутаттар қаңғыған иттерді бес күннен кейін иесі табылмаса, эвтаназия қолдануды ұсынып отыр, панажай жоқ жерлерде үйсіз-күйсіз жүрген жануарларды өлтіруге рұқсат бермекші. Бұған қоса, түзетулер қаңғыған жануарларға екпе салдыру үшін бөлінетін бюджетті де алып тастамақшы.

Жануарлардың құқығын қорғаушылар бұл қазіргі заңда бар АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салып, еркіне жіберу – ред.) бағдарламасынан іс жүзінде бас тарту болып саналады дейді.