Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза болғандар 2200-ден асты

Ауғанстандағы жер сілкінісінің салдары

Ауғанстанның шығысында 31 тамызға қараған түні болған қуатты жер сілкінісінен қаза болғандар 2200 адамнан асты. Бұл жөнінде тәліптердің үкіметі хабарлады.

Соңғы мәлімет бойынша, қаза болғандар 2 217 адамға жетті, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен.

Зілзаладан Пәкістанмен шекарадағы таулы Құнар провинциясы көбірек зардап шекті. Үкіметтің ресми өкілінің орынбасары Хамдулла Фитрат X желісінде "құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр" деп жазды. Ауғанстан билігі халықаралық қауымдастықтан зардап шеккендерге көмектесуді сұрады.

Құнар провинциясы және көрші Нургал, Соккай, Ватапур, Маноги және Чапа-Дара округтарында көп үй қираған. Жергілікті аумақта жауын-шашын көп жауып, жағдайды күрделендірген. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл аумақтағы үйлер өте осал салынған – жер сілкінісіне төзбейді. Соның салдарынан адам өлімі көп тіркелген.