Қазақстан сыртқы істер министрлігі, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және ҰҚК сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны жайлы хабарды толығымен жоққа шығарды.
Бүгін, 4 қыркүйекте Orda сайты құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеп, "сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, бизнесмен Гаджи Гаджиев және ҰҚК-ның жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталғанын" жазған еді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.
"Мұны журналистік этика және қазіргі заңнаманы бұзу деп бағалаймыз" деді министрліктің өкілі.
Ал мәдениет және ақпарат министрі Балаева Facebook желісіндегі жазбасында мұны "расталмаған ақпарат" деп, жалған ақпарат таратқан үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.
"Көбіне расталмаған "хайп қуған" деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс" деп жазды Балаева.
ҰҚК да өз қызметкерлеріне қатысты ақпаратты "шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі жалған ақпаратпен күрес орталығы да бірден вице-премьер-сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жөнінде ақпаратты терістеді. Орталық "жалған ақпаратты тарату" қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, оқиғалар туралы жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтып ескерткен.