Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
"Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П. Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды” деп жазылған бас прокуратураның сенбі күнгі хабарламасында.
Әзірге оның ұсталғаны-ұсталмағаны белгісіз. БП хабарламасында ол жөнінде ештеңе айтылмаған.
60 жастағы Қайрат Қожамжаров Назарбаев тұсындағы ықпалды күштік құрылым өкілдерінің бірі болған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткен күні Қожамжаров сенат депутатына айналған. Оған дейін екі жыл бас прокурор қызметін атқарды. Жемқорлыққа қарсы түрлі құрылымдарға жетекшілік етті. Президенттің кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Ақмола облысын басқарған.
2023 жылдан бері мемлекеттік қызметте емес. Кейінгі кезде оның айналасындағы бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қазір жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев екі айға қамалған. Шілдеде арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.