Белсенді Айжан Мамешова үйқамаққа жіберілді. Жұма күні тергеу соты оған бұлтартпас шара қолдану туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Оның сөзінше, белсенді қорғауға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған.
"Кеше (5 қыркүйекте – ред.) түнде шешім шықты. Оған 274-бар 2-бөлік 3-тармақ бойынша айып тағылып отыр. Кеше тергеушінің қамауға алу туралы шешімімен таныстым. Бұл жерде мәселе жалған ақпарат тарату жөнінде болып отырған жоқ. Сараптама бойынша, оның әрекеті "прокуратураға теріс эффект туғызады". Негізі осы сараптама бойынша істі азаматтық тәртіппен қарауы керек еді" деді адвокат сенбі күні таңертең Азаттыққа.
Осы апта ортасында белсенді Айжан Мамешова ұсталып, кейін 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған еді. Оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Бір күн бұрын Алматыда қоғам өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, Мамешованы ұстау кезінде заңсыздық болғанын хабарлап, құқық қорғау органдарынан оны ұстаған полицейлердің әрекетіне баға беруді сұраған еді.