Заңгерлер мен қоғам өкілдері құқық қорғау органдарынан "Жанұя" балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы жазған белсенді Айжан Мамешованы ұстаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. Олардың сөзінше, ұстау кезінде қылмыстық-процестік кодекс және адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенция нормалары бұзылған. Бұл жөнінде "Власть" жазды.
"Ол [Айжан Мамешова] шақырту қағазын талап еткен, бірақ бермеген. Оны күштеп сүйреген. Ол қолын көгертіп, күштеп полиция басқармасына апарды деп айтты. Адамды ұстамас бұрын Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сәйкес, куәландыру, диспансерде тексеру шаралары жүргізілуі керек, адвокаттың кіруіне жағдай жасалуы керек, туыстарына оның қайда екені жөнінде ақпарат берілуі керек" деді жұма күнгі баспасөз жиыны кезінде заңгер Серік Әбішев.
Оның сөзінше, ол қамалардың алдында баспасөз жиынына барып, "білім басқармасындағы көптеген заңсыздықтарды" айтуға оқталған. Бірақ жолшыбай полиция қызметкерлері оны ұстаған. Белсенділер Мамешованың ұсталуын оның белсенділігімен байланыстырды.
Белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов те Мамешоваға қатысты кінәсіздік презумпциясы бұзылғанын хабарлады.
"Адамның өз пікірін айтуға құқығы бар. Нақты жағдайда олар оның айтқандары "мемлекеттік органдардың оның ішінде полиция мен прокуратураның беделіне нұқсан келтіреді деп санайды" деді Нұрпейісов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Мамешованың ісі тергеу сотына берілген, сот оған бұлтартпас жаза қолдану шарасын анықтайды.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, Мамешоваға орташа дәрежедегі қылмыс бойынша айып тағылып отырғандықтан оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуы мүмкін. Мамешоваға қарсы көктемде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Белсенділер сонымен бірге Мамешовада қорғауға құқығы бар куәгер статусы бола тұра оны екі күнге қамағанын да айтты.
Адвокат полицейлердің әрекетіне қатысты қалалық прокуратураға шағымданатынын да айтты.
Әзірге Алматы полициясы реакция білдірген жоқ.
Осы апта ортасында белсенді Айжан Мамешова ұсталып, кейін 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған. Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.