Блогер Мирболат Мырзатайұлы күдікті деп танылып, екі айға қамалды

Мирболат Мырзатайұлы.

4 қыркүйек күні Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлын екі айға қамауға санкция берді.

"Мирболат Бишуинов ауыр санаттағы қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінді. Аталған күдігі негізді, қылмыстық іс-құжаттарымен расталады. Сот күдіктінің кінәсі туралы және дәлелдемелерді бағалау туралы мәселелерді талқыламастан оқиға орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар екенін анықтады", - делінген сот қаулысында.

Мирболат Мырзатайұлына Қылмыстық кодекстің 174-бабы, бірінші бөлігі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.

Күдіктінің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде "ұлтараздықты қоздыру белгілері бар видеоны" анықтаған. Сол видео мазмұнына филологиялық сараптама жасаған.

Адвокаттың сөзінше, сараптама шілденің ортасында жасалған.

Мирболат Мырзатайұлы 2 қыркүйек күні ұсталған. Сол күні туыстары оны жоғалып кетті деп, дабыл қаққан. Он бес сағат бойы іздеп, полиция әкеткенін өздері анықтаған.

Туыстары мен жақтастары Мирболат Мырзатайұлы блогерлік қызметіне байланысты қамалды деп санайды.

Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы қамалар алдында Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.

54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жүр. Бұрын мемлекеттік "Қазақстан" арнасында, КТК телеарнасында журналист қызметін атқарған. Кейінгі жылдары азаматтық белсенділер арасында жиі жүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша сыни жазбалар жариялайді. Саяси астары бар делінетін сот істерінен хабар таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығады. Қазір YouTube-та "Журналисттік зерттеулер агенттігі" деген арнаны жүргізеді.