Bloomberg: Еуроодақ Қазақстанға санкция салуды қарастырып жатыр

Еуроодақ Ресейге тыйым салынған бірқатар тауар түрлерін тасымалдағаны үшін Қазақстанға алғаш рет санкция енгізуді қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Еуроодақ бұған дейін "Ресейге тыйым салынған тауар түрлерін тасымалдауға қатысы бар" бірнеше қазақстандық компанияға салған. Басылымның жазуынша, енді тұтас Қазақстанға салынуы мүмкін. Мәселе белгілі бір жабдық түрлерін импорттауға тыйым салу жөнінде болып отыр. Одақтың сауда орындарының дерегінше, мұндай тауардың көп бөлігі сол күйінше Ресейге тасымалданып, Украинаға қарсы соғыста пайдаланатын қару өндірісінде қолданып жатыр.

Жалпы Еуроодақ 19-санкция пакетінде бірқатар ресейлік банктер мен энергетика компанияларына қарсы санкция енгізуді қарастырып отыр. Бұған қоса, ірі мұнай компанияларына да қатысты шектеу қою жоспарда бар.

"Біз Ресейді бейбітшілік келіссөзге баруға итермелеу үшін қысымды арттыруымыз керек. Қазір АҚШ-пен осыған күш салып жатырмыз. Ресейге көбірек қысым жасау үшін, санкция тиімді әрекет етуі үшін күш біріктіріп жатырмыз" деді Еуропа кеңесінің төрағасы Антонио Коста.

Еуроодақтың санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді. Бұған дейін Қазақстан билігі АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания жұмыс істемейтінін айтқан.