Халықты қорғау тетіктерін күшейту: Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыреті кеңейді

Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері даладағы өрт аймағында жүр (ТЖМ жариялаған фото)

Қазақстан үкіметі Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өкілеттігін кеңейтті. 11 қыркүйекте ТЖМ сайтында шыққан ақпаратта министрлік енді аумақ қорғанысы мен эвакуацияны ұйымдастыруға, халықты қатер жайлы құлақтандыруға, арнаулы құралымдар құруға және әскери-техникалық саясатқа қатысуға құқылы деп жазылған.

Оған қоса ТЖМ қару-жарақ пен әскери техника айналымына бақылау жүргізіп, жаңа үлгілеріне техникалық талаптар әзірлейді. Әскери-патриоттық тәрбие, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстар да министрлік құзыретіне енгізілді.

Атап айтқанда, министрлік енді:

  • аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
  • жұмылдыру тапсырмасы негізінде арнайы құралымдар құрып, оларды материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді;
  • халықты төнген қатер жайлы алдын ала хабардар ету және құлақтандыру жұмыстарын жүргізеді;
  • эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастырады;
  • азаматтық қорғау органдарының дайындық деңгейін арттырады;
  • әскери-патриоттық тәрбие жүйесін дамытуға атсалысады;
  • қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарға қатысады;
  • әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
  • қару-жарақ пен әскери техниканың айналымына бақылау жасайды;
  • жаңа үлгідегі қару-жарақ пен техникаға тактикалық-техникалық талаптарды айқындайды;
  • мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери тауарлардың сапасы мен сәйкестігін қамтамасыз етеді;
  • әскери ұлттық стандарттарды әзірлеуге және жаңартуға қатысады;
  • жабық әскери қалашықтар мен нысандардың тізбесін бекітеді;
  • азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары жұмысының қағидаларын қабылдайды.


Үкімет қаулысына енгізілген толықтырулар ТЖМ-нің жауапкершілік аясын кеңейтіп, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы рөлін күшейтуді көздейді.