"Мәңгі өмір сүруді" талқылаған Путинге "жасартатын құлпынай" таныстырылды

Ресей президенті Владимир Путинге "Сириус" ғылыми-технологиялық университетінде геномы өзгертілген өсімдіктің жаңа түрлері көрсетілді. Бұл жөнінде ТАСС жазды.

Жаңа өсімдік түрлері арасында зең ауруларына қарсы тұра алатын жүзім және құрамында табиғи антиоксидант - кверцетиннің мөлшері кәдімгі түрлеріне қарағанда 12 есе көп құлпынай да бар.

"Нәтижесінде міне мынадай жасартатын құлпынай пайда болды" деді Путинге өнімдерді таныстырған "Сириус" университетінің ғалымдар кеңесінің жетекшісі Роман Иванов.

3 қыркүйекте Пекиндегі әскери парад алдында Путин Қытай басшысы Си Цзиньпинмен өзге мәселелерден бөлек, адамның өмірін ұзартатын биотехнология мүмкіндіктері мен мәңгі өмір сүру ықтималдығы туралы талқылаған.

"Бұрын адамдар 70-ке әрең жететін. Қазір 70-те әлі баласың" дейді Си Цзиньпин. Ал Путин (видеода оның сөзінің қытай тіліндегі аудармасы естіледі) оған "биотехнологияның көмегімен органдарды шексіз алмастыра беруге болады.... адамдар көбірек өмір сүрген сайын жасара береді және тіпті мәңгі өмір сүре алуы да мүмкін" деп жауап береді. Қытай басшысы "тіпті осы ғасырдың өзінде адамдар 150 жасқа дейін өмір сүре алатындай деңгейге жете алады" дейді.

Мемлекет басшылары парадқа кетіп бара жатқанда тілдескен. Алайда олардың әңгімесінен бір үзінді тікелей эфир кезінде қосулы тұрған микрофонға жазылып қалған. CCTV өнімдерін пайдалануға құқығы бар Reuters төртминуттық роликті монтаждап, мыңнан астам халықаралық ақпарат құралына таратқан. Кейін Reuters қытайлық CCTV видеоларды пайдалану құқығын қайтарып алғанын мәлімдеп, видеоны өшірді.