Мұрат Нұртілеудің "ұсталғаны жөнінде" сыбыс тараған шақта СІМ оның суретін жариялады

Вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Harvest group өкілдерінің сөйлесіп отырғаны көрінетін СІМ таратқан сурет. Суретті ведомство 5 қыркүйекте таратты.

5 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресми сайты мен желідегі парақшаларында вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің "Harvest Group" төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездескені жөнінде жаңалық жариялады.

Бір күн бұрын Нұртілеудің “ұсталғаны жөнінде” сыбыс тараған еді.

4 қыркүйекте Orda сайты өз дереккөздеріне сүйене отырып, вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғанын хабарлаған. Ізінше ҰҚК-ның бірқатар лауазымды тұлғалары да ұсталғанын жазып, кейбірінің аты-жөнін де атаған.

Артынша билік өкілдері кезек-кезегімен ақпаратты жоққа шығарып, “жалған ақпарат тарату” бойынша жауапкершілік көзделгенін ескерткен.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі жалған ақпаратпен күрес орталығы да бірден вице-премьер-сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жөнінде ақпаратты терістеді. Орталық "жалған ақпаратты тарату" қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, оқиғалар туралы жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтып ескерткен.

Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты әркім түрлі жорамал жасап, кейбірі "қандай да бір тартыстың көрінісі болуы мүмкін" немесе "Orda сайтына қарсы жасалған әрекет шығар" деген тәрізді түрлі болжам айтылды.