"Немолчи" қоры: Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, азаптаған

Полиция ғимараты. Көрнекі сурет.

Алматы облысында екі әйел 16 жастағы жасөспірім қызды ұрып-соғып, азаптап, суға батырған.

Бұл жөнінде "Немолчи" қоры жазды. Қордың дерегінше, екі әйелдің бірі ауыл әкімдігінде істеген.

Қордың жазуынша, 29 жастағы екі әйел қыз баланы ұрып-соғып, денесін темекімен күйдірген, суға батырған, жыныстық сипатта күш көрсеткен, өздерінің қол-аяғын сүйдіртіп, соның бәрін видеоға түсірген. Ізінше "видеоматериалдарды таратамыз" деп одан үш миллион теңге талап етіп, бопсалаған.

Қордың айтуынша, видео тарап кетіп, барлық ауыл тұрғыны хабардар болған.

Ақпаратқа қарағанда, әйелдердің бірі "қызғаныштан осындай әрекетке барған". Ол "жүріп жүрген жігітінің телефонынан жасөспірім қыздың байланыс нөмірін тауып алған".

Полиция кәмелетке толмаған балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, дене жарақатын салу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Екі әйел ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Полиция жеке деректердің таралып кетуіне қатысты да тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.