1 қыркүйекке қараған түні қуатты жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанда көп құтқарушы әйелдерге емес, ер адамдарға ғана көмектескен. Бұл жөнінде The New York Times жазды.
Басылымның айтуынша, Ауғанстан билігінде отырған радикалды "Талибан" қозғалысы ерлердің бөтен әйелдермен сөйлесуіне қатаң шектеу қойған. Олар бір-бірінің денесіне қол тигізе алмайды. Мұндай шектеу өзара туыс адамдарға қатысы жоқ.
Басылымның жазуынша, соның нәтижесінде құтқарушылардың басым бөлігі ерлер болғандықтан көп әйел медициналық көмек ала алмаған, кейбірі үйіндіден сол күйі шыға алмай, қаза болған. Ал ер адамдарға – көмек көрсетілген.
The New York Times атап айтқанда, Құнар провинциясының 19 жастағы тұрғынының сөзіне сүйенеді. Ол жаққа жер сілкінісінен кейін 36 сағат өткен соң тек ер адамдардан құралған құтқарушылар жасағы барған. Құтқарушылардың ешқайсысы жараланған әйелдерге көмектеспеген, тіпті жақындамаған да. Олар тек ер адамдар мен ұлдарға ғана көмек көрсеткен. Осыған ұқсас ақпаратты еріктілердің бірі де айтты. Оның сөзінше, үйінді астында қалған әйелдерге өзге әйелдер немесе сол әйелдің туысы болатын ер адамдар көмектескен.
Ауғанстанда жер сілкінісінен 2200-ден астам адам қаза болған. Олардың қаншасы әйел екені белгісіз.
Ресей биыл тәліптер билігін – "Ауғанстан ислам эмиратын" заң жүзінде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.
Биыл Халықаралық қылмыстық істер соты тәліптердің бірнеше жетекшісін "әйелдерге қатысты саясаты үшін" тұтқындауға ордер берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауғанстандағы зілзала: отбасында ер адам қалмаған әйелдердің күні күрт қиындады