Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисон әлемдегі ең бай адам атанды

Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон

АҚШ-тағы Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон әлемдегі ең бай адам деген атаққа ие болды. Ол осы уақытқа дейін әлемдегі ең бай адамдар тізімін бір жылға дерлік бастап келген Илон Маскты басып озды, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

81 жастағы Эллисонның байлығы 10 қыркүйек күні Нью-Йорк уақытымен таңғы 10:10-да жарияланған Oracle Corp. компаниясының тоқсандық есебінен кейін бір күннің ішінде 101 миллиард долларға өскен. Есеп сарапшылардың болжамынан асып түсті және корпорацияның ары қарайғы өсімін көрсетті.

Осылайша Эллисонның жиынтық капиталы 393 миллиард долларға жетті. Бұл – Bloomberg миллиардерлер индексі тарихында бір күнде тіркелген ең үлкен өсім.

Эллисон Oracle акцияларының 41 пайызына иелік етеді және компанияның директорлар кеңесінің төрағасы әрі техникалық директоры қызметін атқарады.

Ал Илон Масктің байлығы қазір "небары" 385 миллиард доллар.