Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресей сыртқы істер министрлігіне өзбек таксисін қорлаған ер адамның аты-жөнін анықтап, заңға сәйкес шара қолдануды талап етіп, ресми нота жолдады. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов айтты.
Оның сөзінше, Өзбекстан СІМ "әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында тараған ақпараттарды тұрақты түрде бақылап", осыған ұқсас оқиғалар анықталған жағдайда шетелдің құзырлы органдарымен әріптестік орнатады.
"Атап айтқанда, тамыз айында қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр. Осыған орай Ресей СІМ-ге видеода көрінетін ер адамның аты-жөнін анықтап, заң аясында оған шара қолдану мақсатында нота жіберілді" деді Бурханов.
Ол өзбек азаматтары өз елдерінен жырақ қай жерде жүрмесін Өзбекстан мемлекетінің қорғауында болатынын еске салды.
27 тамызда "TRT на русском" телеграм-арнасы Мәскеу түбіндегі Химки қаласында түсірілген видеоны жариялаған. Видеода ер адам таксистің ар-намысын қорлап "сен құлсың, орыстардың құлысың! Өзбекстанда түк таппай, бізге келдің. Өз үйіңде емессің, жұмыс істе!" (Ты раб, раб русских! В Узбекистане ничего не нашёл себе — приехал к нам. Ты не у себя дома, ты приехал работать — работай!) деп айқайлайды.
Таксист өзін сабырлы ұстайды және ер адамнан өзін тілдемеуді сұрайды. Бұдан соң көлікке отырып, кетіп қалады. Куәгерлердің сөзінше, оқиға таксист тар жолдан қалдық таситын көліктің шығуын күтіп, ауланың кіреберісін бөгеуге мәжбүр болған кезде болған.
Кейінгі үш айда Өзбекстан СІМ ресейлік әріптестеріне осымен екінші рет нота жолдап отыр. Маусым айында Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Ресей СІМ-ге нота жолдап, Мәскеудегі жатақханада қатаң рейд жүргізген арнайы жасақтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Ол кезде өзбек дипломаттары Ресей аумағындағы өзбек азаматтарын заңсыз тінту мен дөрекі қарым-қатынас жасау оқиғаларына алаңдаушылық білдірген.