Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекара әскері 15 тамызда екі қырғыз азаматы шекараны заңсыз кесіп өткеннен кейін атып өлтірілгенін растады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Ташкент облысы Бостандық ауданындағы таулы жерде болған. Кезекші қызметкерлер бөтен екі адамды көріп, оларға тоқтауды бұйырған, алайда олар талапты ескермей, жасырынуға тырысқан.
Шекара әскерінің хабарлауынша, ескерту ретінде әуеге оқ атылса да, екеуі мемлекеттік шекараға қарай жүре берген. Бұдан соң оларға оқ атылған.
"Нәтижесінде олар жарақаттанды, әскерилер алғашқы медициналық көмек көрсетсе де сол жерде көз жұмды" деп жазылған Өзбекстан шекара әскерінің хабарламасында.
Оқиға орнынан палатка, үш жылқы, азық-түлік, сонымен бірге үшінші адамның ізі табылған. Өзбек жағының айтуынша, ол Қырғызстан жағына оралып, жасырынып үлгерген.
25 тамызда Қырғызстанда Шатқал ауылының екі тұрғыны жоғалғаны хабарланған еді. Ізінше шекара аумағында қаза болғандар Қырғызстан азаматтары екені анықталды. Туыстарына сүйегі тапсырылды.
2-3 қыркүйекте Өзбекстан мен Қырғызстанның шекара ведомстволары оқиға орнына барып, тексерді. Соның нәтижесінде өзбек жағы шекара қызметкерлерінің әрекеті заңға сәйкес болғанын, олардың шекараны заңсыз бұзғанын мәлімдеді.
Бұған қоса, тараптар үшінші адамның аты-жөнін анықтап, тиісті шара қолдану жөнінде келіскен.
Тараптар шекара аудандарында тұратын тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізіп, шекараның бақылауға қиын бөліктерін күзету бойынша әріптестікті орнатуға келісті.