Польшаның әуе қорғаныс күштері елдің әуе кеңістігін бұзған ресейлік дрондарды атып түсірді. Бұл жөнінде 10 қыркүйек таңертең Польшаның қарулы күштері жедел басқармасы хабарлады.
Мәлімдемеде Ресей Украина аумағына әуеден соққы жасап жатқан кезде "дронға ұқсас объектілер" елдің әуе кеңістігін бұзғаны жазылған. Поляк әскері оларды жою үшін қару қолданған. Әскери операция жалғасып жатыр және Биала-Подляска, Мазовецке, Люблин аймақтарының тұрғындарына үйде қалуға кеңес берілген.
"Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін агрессиялық қимыл" деп мәлімдеді Польша қарулы күштері ресми аккаунтында.
Польша билігіне сүйенген BBC-дің жазуынша, кейбір аумақта ресейлік дронның бөлшектері үйдің шатыры мен жеңіл көлікке құлап, бүлдірген.
Reuters агенттігі АҚШ азаматтық авиация басқармасына сүйене отырып, Польшадағы төрт әуежайдың жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Арасында Варшавадағы Шопен атындағы әуежай да бар.
Ресей қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді.
Ресейлік дрондардың Польшаның әуе кеңістігін бұзғаны жөнінде хабар бұрын да шыққан. Бірақ Reuters-тің жазуынша, Польша алғаш рет оларды атып түсірді.