"Қазақстан халқына" қорының білім грантына ие болған 449 талапкердің аты-жөні жарияланды

Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті ғимараты алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда әлеуметтік осал топқа жататын 449 талапкер "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры бөлген білім грантына ие болды. 11 қыркүйек күні қор сайтында грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

2025 жылғы 24 шілде күні қордың қамқоршылық кеңесі қабылдаған шешімге сай бекітілген грант саны 72 жоғары және орта білімнен кейінгі оқу ұйымдары арасында бөлінді деп жазылған сайттағы ақпаратта. Қор қарауына 70 оқу орнынан конкурс комиссиялары хаттамалары мен талапкерлер құжаттары ұсынылған, ал 2 оқу орнында Бағдарлама санаттарына сәйкес келетін талапкер болмауына байланысты грант бөлінбеген.

449 білім гранты мынадай санаттар бойынша берілген:

  • 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының балалары – 1 талапкер;
  • жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 135 талапкер;
  • мүгедектігі бар адамдар – 86 талапкер;
  • әлеуметтік аз қамтылған ауылды жерлердегі, шағын және моноқалалардағы отбасылардан шыққандар – 65 талапкер;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан тұлғалар – 162 талапкер.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең көп адам шығынына (ресми дерек бойынша, 238 адам мерт болған, оның алтауы қамауда азаптаудан көз жұмған) әкелген 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруға пәрмен берген.

Қордың дерегінше, кейінгі үш жылда 93 жоғары және орта білімнен кейінгі оқу орнынан 3859 адамға грант берілген. Ал биылғы грант иелерін қоса есептегенде, жиынтығы 4308 талапкер жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болған.