Қазақстан сыртқы істер министрлігі 6 қыркүйекте ведомство жетекшісі Мұрат Нұртілеу украиналық әріптесі Андрей Сибигамен телефонмен әңгімелескенін хабарлады.
Астананың хабарлауынша, сұхбат барысында "тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірген".
СІМ-нің хабарлауынша, телефон әңгіме Украина жағының бастамасымен болған.
Украинаның сыртқы істер министрлігі де телефон әңгіме болғанын хабарлады. Сибига қазақстандық әріптесіне "Украинаның жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған күш-жігері туралы" айтқан. Министр сонымен бірге Астана Киевтің Орталық Азия аймағында басымдық беретін серіктестерінің бірі екенін атап өткен.
Сибига X желісінде әңгіме барысында екіжақты қатынасты кешенді жаңғырту, әріптестікті дамыту жолдары талқыланғанын жазды.
Сыртқы істер министрлігі Нұртілеудің телефон әңгімесі жайлы хабарламаны Orda сайты оның ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан шақта жариялап отыр. Онлайн-басылым 4 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрі, ҰҚК-ның тағы бірнеше жоғары лауазымды қызметкері және кәсіпкер Гаджи Гаджиев тергеліп жатқанын хабарлаған. Басылымның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қысқа уақыт ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Нұртілеу Гаджиевтің көмегімен арнайы қызмет ішінде көлеңкелі құрылым құрған. Ол Нұртілеудің мүддесі үшін аңдумен айналысқан, өздеріне жақпайтындарды қудалаған.
Ресми органдар сол күні-ақ жылдам Нұртілеудің ұсталғанын жоққа шығарды.
5 қыркүйекте сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеу Harvest Group компаниясының өкілдерімен кездесу өткізгені жөнінде хабарлама таратып, Нұртілеудің бірнеше суретін жариялаған. Ал Orda сурет бұрын түсірілгенін айтқан. Редакция өз тұжырымдарынан қазір де айнымады.
49 жастағы Мұрат Нұртілеу бұған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болған, оған дейін Қазақстан СІМ-де істеген.