Қазақстанда адамның бет-жүзін танитын 19 мың камера орнатылған

Астана қаласы Тәшенов көшесінде тұрған бейнебақылау камералары, 24 ақпан, 2025 жыл.

Қазақстанда адамның бет-жүзін танитын 19 мыңнан астам камера бар. Үкімет хабарламасына қарағанда, жасанды интеллектіге қосылған мұндай камералар адамның кім екенін айқындап қана қоймай, заттарды да анықтап, көлік ағынын талдай алады.

"Бүкіл ел бойынша бейнебақылау желісі кеңейіп жатыр: 19 мыңнан астам камера адамның бет жүзін тануға, өзге де заттарды зерделеуге, тіпті көлік ағындарын талдауға қабілетті жасанды интеллектімен жабдықталған. Бұл жүйелерді жедел басқару орталықтарымен біріктіру болып жатқан оқиғаларға нақты уақыт режимінде жауап беруге мүмкіндік береді" деп жазылған ресми хабарламада.

Былтыр ІІМ мұндай камералардың 1,1 мыңы – Алматыда, 700-ге жуығы Астанада орнатылғанын айтқан. Билік осындай “ақылды” камералардың көмегімен іздеуде жүрген ондаған адам ұсталғанын хабарлаған.

Қоғамда кейде "сергек камералары" деп аталып жүрген камераларға қатысты түрлі пікір көп. Кейбірі қауіпсіздік үшін жақсы болғанмен бұрыш-бұрышқа қойылған камералар азаматтардың жеке кеңістігіне қол сұқпай ма, ондағы деректердің қауіпсіз сақталатынына кім кепілдік береді деген сияқты түрлі сұрақ қояды.

Биыл 13 наурыздан бастап Астана көшелеріндегі көлік қоғалысын реттеумен Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Presight атты компания айналыса бастайтыны хабарланған еді. Ақпаратқа қарағанда, Presight компаниясы жасанды интеллектінің көмегімен көлікті жүргізіп, телефон қолдануды, көлікті белдік тақпай жүргізуді, кептелісті бөгеген көліктерді, екінші жолақтан бұрылғандарды, рұқсат етілмеген жерге тоқтаған және жаяу адамға жол бермеген көлікті анықтайды. Технологиялық шешімдер тізімінде адамның бет-әлпетін тану жүйесі жоқ. Бірақ ол туралы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шартында жазылған болуы да мүмкін.

Көшедегі жағдайды бақылап-жазуға арналған Hikvision камерасы. Алматы, 2024 жыл.

Қазақстанға импортталатын бейнебақылау камералардың жартысынан көбі Қытайдан келеді. Елдегі құзырлы органдар мен мемлекеттік мекемелер де, "Сергек" жүйесі де Қытайдың Hikvision және Dahua Technology дейтін компания өнімдерін қолданады. Былтыр қорғаныс министрлігі Азаттыққа видеодеректердің үшінші тарапқа заңсыз өтіп кетуі шектелгенін айтқан.

Былтыр Азаттықтың Украин қызметі қытайлық камералар жазып алған бейнедеректерін шифрланған күйде қытайлық компаниялар иелік ететін не жалға алатын серверлерге жіберетінін анықтаған. Цифрлық құқық маманы жаңа технология азаматтар құқығын шектеу мақсатында да қолданылуы мүмкін деп қауіптенеді.

"СЕРГЕК" ДЕГЕН НЕ?

"Сергек" – көшелер мен алаңдарда, қоғамдық орындарда орнатылған камералар арқылы қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын бақылап, саралап, болжап отыратын интеллектуалдық жүйенің жалпы атауы. Оны Sergek group компаниялар тобы басқарады. Ол Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Тараз, Ақтау, Түркістан, Атырау, Талдықорған, Қостанай, Семей қалаларында жұмыс істейді. Ресми сайтында ол "100% қазақстандық өнім, оның бағдарламалық жасақтамасы мен алгоритмдерін қазақстандық IT мамандар әзірлейді" деп жазылған.

Көшеде ілінген "Сергек" камераларының бір шетінде "Dahua" атауы жазылып тұрады. Жазу үлгісі қытайлық компанияның ресми логотибімен бірдей. "Сергек" компаниялар тобы Азаттық сауалына 2024 жылы мамырда берген жауабында қытайлық Dahua-мен серіктестігін жоққа шығарған жоқ. Олардың өнімін, яғни камераларын шикізат ретінде пайдаланатынын айтқан. Компания жеке деректердің үшінші жаққа өтіп кетуіне жол берілмейтінін, қауіпсіздік жоғары деңгейде екенін айтқан.

Қазақстан ішкі істер министрлігі былтыр "Сергек" Қазақстанда заң бұзу оқиғаларын анықтауға жақсы көмектесіп жатыр деген.

Былтыр Азаттық Қазақстанда кеңінен қолданылатын қытайлық Hikvision мен Dahua Technology өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесін зерттеп көрген.