Банктер өз қызметкерлерінің қылмыстық топқа қатысы жөнінде прокуратура хабарламасын терістеді

Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі және Alatau City Bank (бұрынғы Jusan bank) Ақмола облысының прокуратурасынан өз қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топқа ықтимал қатысы жөнінде ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді. Ақпаратты 2 қыркүйекте жергілікті ақпарат құралдары таратқан.

Аталған банктер ортақ мәлімдеме таратып, прокуратурадан түсініктеме сұрады. Олар қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлерінің іске қатысын дәлелдейтін фактілер жоғын айтты.

"2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы банк қызметкерлерінің қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ туралы ақпаратты жариялады. Банктер аталған тергеуге бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің қатысы бар жөнінде прокуратурадан ресми хабарлама алған жоқ" деп жазылған мәлімдемеде.

Банктер ресми материалдарға қол жеткізген жағдайда құқық қорғау органдарымен әріптестік орнатуға дайын екендерін білдірді.

Ал Қазақстанның қаржы қауымдастығы мемлекеттік органдарды "қаржы институттарының іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін нәзік тақырыптар бойынша мәлімдемелерді әбден пысықтап барып" таратуға үндеді.

2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы "банкирлердің ұйымдасқан қылмыстық тобы" бес жыл бойы жағдайы төмен азаматтарды ұрлап, атына несие рәсімдегені жөнінде мәлімдеме таратқан.

Ведомствоның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына Қазақстанның түрлі өңірінен 25 адам кірген: арасында қаржы нарығын реттеу агенттігі орталық аппараты мен Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі, Jusan bank (қазіргі Alatau City Bank) қызметкерлері бар.

"Қылмыстан 348 азамат зардап шеккен, 3,7 млрд теңге шығын келген" деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.

Ведомство сонымен бірге құқық қорғау органдары күдіктілерден құны 2,7 млрд теңге болатын мүлік тәркілегенін айтты. Прокуратура мәліметінше, ұйымдасқын қылмыстық топ мүшелері "қылмыспен тапқан ақшаға Алматыдан пәтер мен жер телімдерін, қымбат көліктерді" алған.

Күдіктілердің барлығы уақытша қамау изоляторында отыр.