Ресей әскері Украинаға соққы жасады. Киевте үкімет ғимаратынан өрт шықты

Киевте үкіметтің бас ғимараты орналасқан аумақтан шығып жатқан қалың түтін. 7 қыркүйек 2025 жыл.

6 қыркүйектің кешінен бері Ресей Украинаны дрон және ракеталармен жаппай атқылап жатыр. Украина қарулы күштерінің айтуынша, орыс әскері сенбінің кешінен бері 800-ден астам дрон және ондаған ракета жіберген. Ресей әскері алғаш рет осыншама көп дрон жіберіп отыр деп хабарлады Украина әскері.

Жексенбі күні күндіз Украина күштері шабуылға 13 "Искандер" ракетасы қатысып жатқанын айтты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 8-де 751 әуе нысанасы " атып түсірілген немесе істен шығарылған" – 747 дрон мен төрт ракета.

"37 орынға тоғыз ракета және 56 дрон түскен" деп жазылған Украина әскерінің хабарламасында. Шабуыл жалғасып жатыр.

Украинаның Киев, Одесса, Запорожье, Кривой Рог және өзге қалалары соққыға ұшырады. Кременчугта Днепр көпірі бүлінген, Полтава облысында темір жол бұзылған.

Киевте Ресей әскерінің соққысынан әйел адам және оның екі жасар нәрестесі қаза болған. 17 адам зардап шеккен. Шабуыл нысаны көп қабатты үйлер болған деп айтылады. Үкіметтің бас ғимараты да бүлінген. Ақпарат құралдарының жазуынша, оған дрон бөлшектері құлаған болуы мүмкін.

Ресей әскері шабуылға түсініктеме бермеді.