Ресей Украинадағы арнайы әскери операцияcын (Кремль Украинаға қарсы соғысын солай деп атайды – ред) жалғастырады. 30 тамызда Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов осылай деп мәлімдеді. Оның мәлімдемесін қорғаныс министрлігі жариялады.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Герасимов "2025 жылдың көктем мен жаздағы қимылдарды қорытындылап, әскерге алдағы мақсаттарды айқындап нақтылаған". Оның сөзінше, "күзгі маусымның" тапсырмалары анықталған.
Герасимовтің айтуынша, стратегиялық бастама "қазір толықтай Ресей әскерінде". Жазғы шабуыл кезінде едәуір жерді басып ала алмауының себебін ол украин әскерінің сол аумақтарды ұстап тұру үшін көп шығынға батқандығымен түсіндірді. Ресей әскері қанша адамынан айырылғанын айтпады.
Герасимовтің сөзінше, Ресей әскері қазір Луганск аумағының – 99,7%, Донецк облысының – 79%, Запорожье облысының – 74%, Херсон облысының 76% бақылауда ұстап отыр. Бұл дерек тәуелсіз бағалауларда айтылған көрсеткішке жақын. Донецк облысына қатысты ғана Герасимовтің көрсеткіші жоғарылау. Ресей бас штабы орыс әскері Сумы мен Днепропетровск облыстарындағы бірқатар елді мекендерді де бақылауда ұстап отыр.
Ресей әскері майданның бірқатар бөлігінде шабуылға шығып, жаңа жерлерді жаулап алып жатыр, бірақ қарқыны жоғары емес. Мәселе айына тек ондаған немесе жүздеген шаршы шақырым жерде болып отыр.
Ресей қарулы күштерінің жетекшісі 28 тамызда түнде Киевке жасалған соққыға қатысты да түсініктеме берді. Оның сөзінше, қорғаныс өнеркәсібі мен әскери аэродромдарға шабуыл жасалған. Киевке жасалған соққы кезінде бес қабатты тұрғын үй жартылай қираған еді, Киевке шабуылдан 25 адам қаза болған.